Сағи
Жиенбаев 1934 жылы 15 мамырда Ақтөбе облысының
Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылында туған.
Қазақтың көрнекті ақыны, лирик. Жарқамыс орта мектебін,
Қызылорда педагогтік институтын бітірген.
1955 жылдан
Гоголь атындағы Қызылорда педагогика
институтын бітіргеннен кейін Жезқазған қаласының №10
орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен
сабақ береді.
1956 жылдан әдеби қызметке ауысып «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері»
газеттерінде, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1965-84 жылдары
«Жазушы» баспасында редактор, аға
редактор, бөлім меңгерушісі болып істеді. Соңғы жылдары «Ақ Орда» журналының
бас редакторы болды.
Сағи Жиенбаев көптеген жыр кітаптарының авторы. Оның алғашқы «Қарлығаш» атты өлеңдер жинағы 1959 жылы
жарық көріп, қалың оқырманды ақындық аса
нәзік, ерекше тынысымен баурап алды. Бұдан кейін ақынның «Сыйлық» (1960), «Дала
гүлі» (1961), «Теңіз сыры» (1963), «Таң алдында» (1964), «Менің көршім» (1965),
«Қайырлы таң» (1966), «Ақ толқын» (1967), «Ор киік» (1969), «Алтын қалам»
(1971), «Жадымдасың жас күнім» (1972), «Әлия» (1973), «Оймауыт» (1975), «Ақ
самал» (1976), «Құралай салқыны» (1979), «Бозторғай» (1980), «Іңкәр дүние»
(1981), «Жарық жұлдыздар» (1983), «Нан мен тұз» (1984), тағы басқа көптеген жыр жинақтары
оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді.
Сағи Жиенбаев түрлі тақырыптарға қалам тербеді, оның өлеңдерінің біраз бөлігі Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңіндегі ауыл
өмірін суреттеуге, соғыс зардаптарын бала көңілі арқылы бейнелеуге, туған жерге
деген сағынышты, адамдар арасындағы сан қилы қарым-қатынастарды көрсетуге
арналды. Ақын өлеңдерінде табиғат әсемдігі, жан сұлулығы, махаббат, басқа да
кіршіксіз сезім иірімдері асқан шеберлікпен өрнектеліп, көрініс табады,
лирикалық жыр жолдары оқырман жүрегін
жаулап алады.
Өзінің 40 жылдық шығармашылық қызметінде Сағи Жиенбаев айрықша ақындық
үнімен танылды. Дүние құбылыстарын барынша кемел де келісті бейнелейтін шебер
дәрежесіне көтерілді. Ол 30-дан астам өлеңдер мен поэмалар кітабының авторы.
Әсіресе оның Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Нүркен Әбдіров
туралы дастандары, диқандар жайындағы өлеңдері көпшіліктің жүрегінен орын алды.
Сағи Жиенбаев поэзиясының айтулы қасиеті – Отанға, туған жерге, биік адамдық
атқа деген өте нәзік те асқақ сезімінде.
Ақынның ең таңдаулы өлеңдері музыка тілінде сөйлеп, «Қарттарым аман сау
жүрші», «Ана», «Елім менің», «Бейбітшілік жыры», «Ашық аспан», «Ауыл
азаматтары», «Таң бұлбұлы», «Соғыс ардагерлері», «Қайдасың сен», «Дәурен-ай»
т.б. өлеңдері халық арасына кең тарап кетті. Ақын композитор Ғазиза Жұбанованың
«Еңлік-Кебек», Базарбай Жұманиязовтың «Махамбет» операларына либреттолар жазды.
Сағи Жиенбаев әлем поэзиясының аудармашысы ретінде жемісті еңбек етті.
Оның аудармасында Байронның, Пушкиннің, Туманиянның, Лермонтовтың,
Гамзатовтың және басқа әлем әдебиетінің
классиктерінің өлмес туындылары қазақ тілінде тамаша сөйледі.
Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының мүшесі ретінде ол қазақ әдебиетінің
жас өркенін әсіресе, лирика жанрындағы ізбасарларын тәрбиелеп өсіруге көп күш
жұмсаған. Өнегелі еңбектері орыс, украин, армян, түрікпен, грузин, қызғыз және
басқа ТМД халықтары тілдеріне
аударылған. Сондай-ақ неміс, поляк, чех, монғол, француз тілдеріне де аударылып
жақын және алыс шетелдерде басылып шықты.
Сағи Жиенбаев қазақ әдебиетін дамытудағы үлкен еңбегі үшін Қазақстан
Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, басқа да үкімет
наградаларымен марапатталған.
Көрнекті ақын, нәзік сезімді суреткер, поэзия зергері және ақындардың
әлденеше буынының ұстазы Сағи Жиенбаев 1994 жылы 15 мамырда 61 жасқа қараған
шағында кенеттен қайтыс болды.
Халық мұратына, елдің еншісіне айналған көрнекті ақын Сағи Жиенбаевтың
парасатты поэзиясы оқырманның жүрегінен орын алып, уақыт озған сайын мағыналы
бола түсуде.
Сәулелі сөздің шебері, жаны жайдары ақын Сағи Жиенбаевтың мұрасы
ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан – ғасырға жалғаса береді.
Сағи
Жиенбаевтың есімі Қарауылкелді поселкесіндегі бір көшеге, Ақтөбе қаласындағы
облыстық жасөспірімдер кітапханасына, Байғанин ауданы Оймауыт
ауылындағы Жаңажол орта мектебіне берілді.(bjka.kz- сайтынан).
Комментариев нет:
Отправить комментарий