Талантқа тағзым

Келешекке қадам басқан үмітпен,
Жыр арнайды талапкерлер жүрекпен.
Тобыққа арнаған өлеңдер.


Жаны жайсаң ағаға
Ардақтаған, асқақтатқан асылды,
Халық оны ой төріне асырды.
Аялады ана туған алыпты,
Қадірледі тани біліп хас ұлды.

Шыққан жері-Жем,Сағыздың сағасы,
Жүректегі көп еді ғой жарасы.
Алып шықты таланты мен дарыны,
Биікте тұр елдің берген бағасы.

Шығармаң да шыңнан биік баға алған,
Сыршылдық пен табиғаттан нәр алған
Тобық аға, айта қалса өзіңді,
Дейді олар : “Нәзік жан ғой жаралған”.

Кемел ойдың кеніштерін ақтарып,
Қаламына шабыт пенен бақ дарып.
Шөліркеген шөлге нұрын сіңіре,
Себелеген жүректерге жатталып.

«Нәзік бұлттар» кетпей қойды есімнен,
«Жанның» да мен жан-дүниесін түсінгем.
Арпалысып Отамалың суықпен,
Бұрынғының өмір жыры есілген.

Бәрі сенің жайсаң мінез жаныңды,
Жоғалтты да, тағдырыңа бағынды.
«Полонез» де туған жерін сағынса,
Туған елің, Аға, сені сағынды.
                                                               Рита Төралина

  
     Кір шалмаған көңілің
          Терең ойлап, жаққан отын сенімнің,
            Тірегі боп отбасы мен теңінің.
            Түлеп ұшқан Байғаниндей өр елден,
            Тобық аға, мақтанышы елімнің.

            Мінезің жаз, көңілің күн көктемсің,
            Отаныңды құрметтеумен өткенсің.
            “Нәзік бұлттай” қалықтап ап көгімде,
            “Ақ жауын” боп мұң-зарынды төккенсің.

            Шуақ болып еліңе сен төгілдің,
            Кір шалмады жүзін таза көңілдің. 
            Алай-дүлей “Отамалы” кезінде, 
            Өткергенсің қиын шағын өмірдің.

            Прозада алдыңа жан салмаған,
            Саған арнап кім асыл ән салмаған?
           «Екі жүрек» шерткенде сыр пернесін,
            Таңданбаған өзіңе жан қалмаған

            Шығармаңыз шыға біліп талғамнан,
            Арыла алмай асқақтаған арманнан.
            «Соңғы хатты» жаздың да сен, ағажан,
            Кете бардың мынау жарық жалғаннан.

            Асуларың көп еді әлі алмаған,
            Қыран едің ел көгінде самғаған.
            Келешекке қадам басқан үмітпен,
            Жас ақынның саған жыры арналған.

                                     Ақырыс Сейітқазы


               Тобыққа арнау 

            Қайран аға, ардақты жан, асыл Тобық,
            Жыр жазамын өзіңізді жақын көріп.
            Сексен жылдық бұл кеште сізді еске алып,
            Қалың жұртың жиылып, жатыр келіп.

Тобық аға-көрмеген көршім еді,
Сол көршімді тағдырдың көпсінгені.
Бәрінен де көңілді сергітеді,
Санамызға «Нәзік бұлттар» көп сіңгені.

            Үй арасын бөлген тек көше еді,
            Сол бір көше естелікті еселеді.
            Жазушының еңбектерін ашқан сайын,
            Прозаға махаббатым өсе берді.

Жанымызда өз үйінің орны қалды,
Әдебиетте әсем, әрлі жолы қалды.
Жас Тобықтың жырға толы кеудесіне
Амал нешік, ашкөз ажал оғын салды.

            Далаға шығып, қарасам Жемнің бойына,
            Тобық аға түседі қайта ойыма.
            Талант жаны табиғатпен үндесіп,
            Қалам сермер бір Аллаға сыйына.

Бар пенде, сірә, тағдыр ісіне бағынған,
Сол бір бейнеңді қаймана қазақ сағынған.
Қыршын қиылып, қырықта кеттің арадан,
Қазыналы қарт боп табылар ең жастар жанынан.

            Өткенге үнсіз қимастықпенен қарадым,
            Ойласам сізді, жасқа толады жанарым.
            Қиялмен көкке самғай бергенде, сұм оқ кеп,
          «Қайран ойлар...» деп қамығып қалды-ау қаламың!

                                                Сейлханова Зарина Козибагаровна
            
                        

Сағи ақынға арналған 
          жыр мен сыр

Жауынға, нұрға бөленген
Жауқазын талант тас жарған...
Өзіңнен-тұңғыш өлеңнен,
Бір арман бізде басталған.
Өзіңе тартып, жан аға,
Өстік қой жырға жақын боп,
Байғанин дейтін далада, -
Сондықтан ба екен, ақын көп!
Қалдырған әсем алабың
Балдырған, балғын уақытты,-
Башпайың күйген қара құм
Байсары қандай бақытты.
Майсалы самал сайларда
Майыса есіп майда леп,
Сайрайды бозторғайлар да
Сағидай жырлау қайда!-деп.
                                            Есенбай Дүйсенбаев





    Ақынның түсі
                                         Жүрем бір бақтың ішінде
                                         Көгілдір сәуле кілкіген...
                                         Ғайып боп кенет түсім де
                                         Оянам нәзік күлкімен...
                                                                    Сағи Жиенбаев

(Оян. Қане, қанат қақ. Жетіл, құсым!)
Біз де түстің көргенбіз не түрлісін.
Видеода ойнаған кейіпкердей
Ұйықтағанда жын-пері секілдісің.

Ұйықтағанда қолданып правоңды,
Тықсыруға болады Нұр-ағаңды.
Әкімсің бе – жасай сал коммунизм,
Сонша қинап қайтесің бұл адамды.

Мінбелерден сөйлей сал асқағырақ –
Шаршадың ғой өңіңде бас бағып-ақ.
...Амал нешік, ақын боп жаралған соң
Сағи аға көрер түс басқа, бірақ.

Ол көреді көп құсты, боз даланы,
Жүрек елтіп, суретке көз қанады.
Шаң тимеген ақша бұлт көк аспанда
Сценарий бойынша қозғалады.

Тақыр жерге шөп шығып, нұр сіңеді,
Айналаңыз – гүл елі, бүршік елі.
Ол түс көрсе – барлық қыз бақытты боп,
Кеудесі зор жігіттер күрсінеді.

Аққу қонып ауылдың іргесіне,
Түсіреді аяулы күнді есіңе.
Сағи аға көрген түс лайық-ақ
Таласуға «Оскадың» жүлдесіне.

Өкінтті тек тағдырдың ісі бізді
Біз жоғалттық сол Ақын-Құсымызды.
...Сағи аға, кімдерге қалдырдыңыз,
Айтыңызшы, әдемі түсіңізді?..
                                                       Ертай Ашықбаев
           Ауылға жиі келіңіз 
Ауасын жұтып, тойып ал,
Туған жер-алтын бесік бұл.
Бұлақтыкөлдің бойынан
Көктемнің лебі есіп тұр.
Ойыңыз неткен биік ед,
Жырыңыз жойқын дауыл ма?
Келсеңіз дейміз жиірек
Ат басын бұрып ауылға.
Ауылдан жырақ кеттіңіз,
Түсті ме әлде жол анық.
Сағынтып міне, жеттіңіз
Кемелді шақта оралып.
Жүгінсек жылға, көңіл нық,
Қиын-ау өзі сенудің.
Көгінен жырдың көрініп
Көкжиегіне келдің Елудің.
Сіз жазған поэзиядан,
Сусындап жүр ғой ұл-қыздар
Жарқырай берсін қиядан
Сәулелі «Жарық жұлдыздар».
Көтерсе ақын көңілді,
Оқырман үшін-мол мектеп.
Жүрсеңіз екен өмірді,
Отты өлеңменен өрнектеп.

                                       Жақсылық Ұзақов.



              
                             Сағындым сырларыңды...
1992 жылдың қоңыр күзі...
Алыстан көз тартар еңселі, сексенінші жылдардың соңғы құрылыс құдіреттерімен өрнектелген орталық мәдениет үйі ерекше сән-салтанатымен ауыл ажарын аша түскен. Мақсат  - С.Сейітовтің 75 жасқа толуын тойлау.
Сағи жиынның бел ортасында жанары жайнап, тебірене толғап, жағымды қоңыр үнмен 90-шы жылы дүйім елді дүр сілкіндірген «Ана тілі» деген қастерлі өлеңін оқып тұрды... Сілтідей тынған тыныштық, сел жүрген өзен суындай толқи тұрып сахна төріне ұмтылды, орындарынан тік тұрып дуылдата ұзақ қол соқты. Мереке мейрамының үш күнінде де бұларға мұрша болмады. Қонақтар тыныстауға ниет етті де, Сағи Қараобаға өрлеп қайтуға ұсыныс жасады маған. Екіндіде екеуіміз жаяулата екі сағат сыр шерттік. Жылы мекеніне қоныс аударуға бағытталған қоңыр қаздар мен тыраулаған тырналар өтті төбемізден. Тіршілік тірегіне, сезім сиқырына, ата-бабаға, туған жерге, қимас елге, табиғат тылсымына, ардақтаған анаға, балбыраған балаға, сүйген жарға арнаған махаббат жырларын төкті-ау! Ұшырған ұям, ата-жұртымның арғы-бергісі мен жақсы-жайсаңдарын әлімнің келгенінше баяндадым.
Жем – Сағыз - Ойыл – Нұрыннан Тайор Жароков, Құрманғазы, Дина дана бабаларды дүниеге келтірген киелі мекеннің қыры, ойы, даласы, өсімдігі, ауасы өлең, өнер деп жайқала тербелетінін тілге тиек еттім.
-Оның жалғасы Оймауыт,- деді Сағи өткен өмірін, өскен ортасын еске алып, -
менің кіндік қанымды жуған жер. Ойшылдар ордасы...
Нұрпейіс Байғаниннен бастап академик С.Бәйішев, ғалымдар Н.Күзембаев, К.Кенжебаев, Ә.Нұрлыбаев, Ж.Амантаев, Қ.Дүйсенов, ақын-жазушылар Ж.Тәженов, Т.Жармағамбетов, Б.Тәжібаев, Ө.Нұрғалиев, Е.Дүйсенбаев, С.Баймолдин, ұстазы Н.Беріков, туған нағашы апасы Отарбаева Батанды әңгімеледі. Мұғалжарда туған ағайынды Ахмет, Құдайберген Жұбановтар, ырғыздық Темірбек Жүргенов, алғалық Ізтай Мәмбетов, шалқарлық Тахауи Ахтанов, Қарабұтақтан аттанған Қуандық Шаңғытбаевты шабыттана, мақтанышпен есіне түсірді. Жастардан ақын Ертай Ашықбаевтың есімін ерекше ескертті. Әрмен қарай Әйтеке би әулеті, Ырғыздағы Ыбырай Алтынсарин мектебі... ондаған ғасырлар жарқыраған Әл-Фарабиді түгендедік. Кешкі дәм біздің жанұямыздан бұйырды жарықтыққа. Отан от басынан басталады. Жұбайымның Қарабұтақ ауданынан ақтөбелік жерлес болуы, тұлымшағы желбіреген жеткіншектерімнің қонақ қарсы алудағы ілтипаты мен қазақы әдет-ғұрыптарға бейімділігі бауырмал Сағидың асқан ризашылығына бөленді. «Өмірлік рухани серігім жазғандарыма зер сала оқып, жағымды пікір білдіруі мен үшін ең бақытты шақ болатын.
-    Қажым, Тайырдың ақ батасын алсаң, Жұбан бауырың, Сағынғали нағашың,
Әйтеке би, Қуандық, біз қайын жұртың болсақ, өнерден құр қалуың мүмкін емес. Ізден, еңбектен, үйрен, арала, көр, тер төк, ұрпағыңды оқыт, жазуыңды тастама», - деп, бар байлығым екі мыңға жетіп жығылар жеке кітап қорымнан өзінің «Нан мен тұз» таңдамалы топтама лирикалық кітабын алды да, «Өсиет» деп бастап астын айқын бір сызды да, қолтаңбасын қалдырған еді...
Сағи өсиетінің ықпалы, үш балам да университетте оқып, алды №36 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беріп жатыр.
Сағындым, Сағи аға, сырларыңды,
Мөп – мөлдір, нәзік сезім жырларыңды.
Аялап өсиетіңді есіме алдым,
Аралап ауыл, қала, қырларыңды.

                                                                                                  Төлеуғали Бисенов

              

Сағидың сырбаздығы
1961 жылы Алматыдағы жас талапкер ақын-жазушылардың жиынына қатыстық, қайтатын кезде ақтөбелік жастарды Сағи Жиенбаев Жамбыл көшесіндегі екі бөлмелі шағын үйіне шақырды. Сол кезде  атағы шығып келе жатқан ақтөбелік ақындар Мұхтар Құрманалин, Әлшін Фатихов, Смат Қабылбаевтармен таныстық. Сағи Сматпен Қызылорда пединститутында бірге оқыған жандай дос екен. Қонақасы жалпы алғанда Сматтың құрметіне және ақтөбеліктерге арналған екен де, оған өзінің бастас ақын-жазушыларын да шақырыпты.
Ақын Әнуарбек Дүйсенбиев барылдақ дауысымен отырыс басталмай-ақ әндете жөнелді.
Көрінеді ауылыңның шамы ілгері,
Иттері мені көрсе шәуілдейді.
Кел дейсің сен,
Соңыңнан бір қалмайды,
Алматының Тұманбай, Шімілдері, - деп әндетті.
Сағи жымиып күліп, «безобраз» деп қойды. Өздерінің қатарлары өткен-кеткен әзілдерді айтып, лепіріп отырғанда Сағи сырбаз қалпынан жазбай көзілдірігін ортасынан бір көтеріп, күліп отыра береді.
Ал, ғалым Қалжан Нұрмахановты қатты сыйлайды екен. Сол кісі ауырып жатқанда бірге жүрген жолдастары ауруханаға бас сұқпаған. Осыны Сағиға өкпе қылып Қалжан шағынғанда:
Қырық күннің ішінде,
Қырық ақынның бірі жоқ.
Арақ-шарап ішуге
Қасқалардың міні жоқ, - деп табанда өлең айтқан екен.
Мұндай суырып салып айтуға әуестігі жоқ Сағидың мына өлеңі де ауыздан-ауызға жайылып тарап кетті.
Кейін «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі қызметін атқарған Сағиға жас талапкерлер жиі баратынбыз. Бір күні «Достарға сағыныш» деген өлеңімді алып бардым, барсам ақын Әнуарбек Дүйсенбиев отыр екен. Ол оқып «Мынау нашар дүние екен», - деді. Сағи оқып: «Жоқ, мұнда бірдеңе бар сияқты», - деп екеуі өз ойларын дәлелдеуге кірісті. Өлең былай аяқталатын:
Аққандай сылдыр қағып таудан бұлақ,
Мен жүрем көңілімді жырға бұлап...
Доссыз өмір елестер көз алдыма,
Бір жалқы көгендеулі тұрған лақ.
Соңғы жолдары Сағиға ұнаса керек. Осы таластың үстіне Қалжан Нұрмаханов та келді. Әнуарбек «Мен бір өлең жазып едім, тыңдаңызшы», - деп  өлеңді оқыды. Тыңдап болып:»Бұрынғыға қарағанда, өсіп қалыпсың», - деп жүре берді. Ана екеуі үнсіз қалды. Кейін бір топ өлеңдерімнің шығуына әлгі сөз итермеші болды ма, Әнуарбек «Жұлдызға» жариялатты.
Сол «Жұлдызда» поэзия бөлімінің меңгерушісі болып жүргенде журналдың бір санын түгел жас талапкерлерге арнады. Осынысы  үшін ілік тапқыш жоғары жақтың бұйрығымен ба Сағи жұмыстан босап қалды. Қайтадан жұмысқа орналасқалы жүрген оған ішіп алған бір ақын «іштің деп тиісетін едің, ішпей-ақ қаңғып қалдың ба?, - дегендей былжырақтатып сөз қозғады.
Сағи тумысында жалпы көп ашу шақырмайтын. Тек «безобраз» дейтін де, көзілдірігін көтеріп қойып жүре беретін. Бұл жолы да «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» деген, «безобраз» деп жүріп кетіп қалды...
1984 жылы ақынның 50 жылдық торқалы тойы болып, қазақ поэзиясының көшбасшыларының бірі Сырбай Мәуленов жолбасшы болып келді. Әр түрлі кездесулерден кейін үйге қонаққа шықрдым. Дастарқан басында ол Сағиға арнаған «Он сегізің от шашқандай елеңде» деген өлеңім жайлы айта келіп, «Алматыда қал дегенде қалмадың, енді мынандай қарадүрсін өлеңді «қорек» еткенің қалай?»- деп күлді.
Мен: «Баяғыда студент кезімде маған Мұқағали Мақатаев үш сом беріп араққа жұмсайтын. Сосын бірде өлең оқы дегесін өлеңімді тыңдап болып, сенен ақындық шықпайды. Себебі сен дүниеқорсың, үш сомнан қалған он үш тиынды өмірі қайтарып бермейсің. Ақын деген шашпа болу керек дейтін. Сосын өлеңді қойып, журналистикаға ауыстым», - дедім.
-         Безобраз, - деп Мұқағалиды әңгімелеп кетті.
Жарты көңіл, жас бала, жұтаған үй,
Жұмыста жоқ тағы да Мұқағали, - деп жігіттерден ақша сұрап алатын еді, - деп 
Сағи көңілі сәл кірбің тартқандай болды.
Осыдан он жылдан кейін 60 жылдық тойы тұсында ақын Сағи, сырбаз Сағи дүние салып, өлең сүйер қауымды жырымен жұбатып, қуантып жүрген ағамыз мұңайтып кетті.
Сол даланың сазы емес пе,
Жамбас алғаш тигені.
Сол даланың қызы емес пе,
Жүрек алғаш сүйгені, - деп жырлаған өлеңнің Құлагердей кең тыныспен,
саспай шабатын жүйрігі даланың сызына бауырын төсеп, мәңгі ұйықтап жатыр. Оның  көңіл сергітіп, жаныңды семіртетін сұлу жырлары өшпес сырдай болып әр көңілде қаттала бермек.

                                                                                                         Әбдіқани Аймағамбетов   

Комментариев нет:

Отправить комментарий